Мал шаруашылығын субсидиялауға 1 млрд теңге бөлінді

АTPress.kz. 27 наурыз. Атырау облысында биыл асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға және мал шаруашылығындағы өнім сапасын арттыру бағытында шаруашылықтарды субсидиялауға 1 млрд. теңге бөлінді.

Оның ішінде мал шаруашылығын субсидиялауға  657 млн теңге, сүт өндірісін дамытуға 132 млн теңге және құс фермаларында жұмыртқа өндірісін субсидиялауға 209,3 млн теңге.  

Облыстың агроөнеркәсіп кешені саласында 2017 жылы атқарылар жұмыстар туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сырым Рысқалиевтың айтуынша, биыл ірі шырынды құрама жемшөп пен жемшөптік қоспаларды дайындау және сатып алу бойынша шығындарды субсидиялау үшін 189 шаруашылыққа қаржы қаралған. 

- Өңірде мал шаруашылығының 70 пайызы қосалқы шаруашылықтарда шоғырланған. Елбасының тапсырмасы кооперативтердің басын қосып, олардың бірігіп өндірген өнімдерін өңдеу арқылы тұтынушыға ұсыну. Қазіргі кезде облыста 11 кооператив құрылып отыр, - деді С.Рысқалиев.

Кооперативтер құрудың артықшылығы мұнда жеңілдіктер көп қарастырылады. Кооперативке кірген мүше 20 адамнан кем болмауы керек. Егер біріккен шаруашылықтар кооператив үшін жабдықтар, техника сатып алатын болса, оған кеткен шығынның елу пайызын үкімет субсидия арқылы қайтарып береді. Сонымен қатар, кооперативтің әрбір мүшесі 4,5 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несие алуға мүмкіндігі бар. 

- Қазіргі кезде облыста 62 мыңнан астам қосалқы шаруашылықтар тіркелген. Олардың 15 пайызын кооперативтерге шоғырландыру мақсаты тұр, - дейді басқарма басшысы. 

 

Нұрбейбіт Нұғыманов

Сурет автордікі