ATPress.kz. 5 ақпан. Атырау облысында бизнес әліппесіне оқыған 750 адамның 130-ы ғана өзінің кәсібін бастаған.
«Бұл туралы Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың Исатай ауданына жұмыс сапары аясында өткен көшпелі мәжілісте белгілі болды», - деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.
Атырау облысы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметі бойынша, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында Атырау облысында 2017 жылы несиелеуге 927 млн теңге, кепілдік қамтамасыз етуге 97,6 млн теңге, «Бастау Бизнес» бағдарламасын жүзеге асыруға 51 млн теңге бөлінген.
«Бағдарлама бойынша 750 адам оқытудан өтті. Оның 130-ы кәсіп ашты. Жас кәсіпкерлер мектебінде 40 адам оқыды, бизнестерін одан әрі дамыту бойынша 110 кәсіпкер оқытылды», - дейді кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Айқын Елеусізов.
Осы ретте аймақ басшысы нәтижеге назар аудару керектігін айтты. «750 ауыл тұрғынының бизнес туралы білім алғаны жақсы, бірақ солардың ішінен тек 130-ы ғана кәсіп ашқаны оның тиімділігі төмен болғанын көрсетеді. Адамдардың ынталарын, бизнеске бейімділігін ескеру керек. Қызылқоға ауданында 253 адам оқытудан өткен, нақты іс бастағаны 22 адам. Қалғандары неліктен тыс қалып қойды? Кәсіпкер болғылары келетін тағы да 231 адамға қандай көмек көрсете аламыз? Барлық жауапты органдар осы бағытта жұмыстануы керек», - деді Нұрлан Ноғаев.
Бек Әзберген