Атырауда көкөніс бағасы арзандайды

ATPress.kz. 10 шілде. Атырауда көкөніс бағасы арзандайды. Бұл өңірдегі суармалы суды субсидиялау мөлшері 85 пайызға дейін көтерілумен байланысты болып отыр.

Бұл нәтиже облыс әкімдігінің Ауыл шаруашылығы министрлігімен өзара келісім арқасында қол жеткізілген. Яғни, 2018 жылы суармалы суды субсидиялау мөлшері текше метріне 50 пайыздан 85 пайызға дейін жетеді.  

«Бұл жақсы жаңалық, өйткені аймақтың қатаң климатты жағдайында суармалы судың 50 пайызын төлеу шығынды жаппайтын еді, тіпті бізде басқа өңірлермен салыстырғанда қымбатқа шығады. Елбасы экономиканы әртараптандыру қажеттілігін баса айтты, біз бұл салада нақты шаралардың қабылданып жатқанына қуаныштымыз. Келесі жылдан бастап егістік жер көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз, 85 пайыз субсидия деген біздің дамуымызға үлкен демеу. Әріптестерім көкөніс пен бақша дақылдарының бағасы арзандайтынын да айтып жүр. Су бағасының арзан әрі қолжетімді болуынан тұтынушы да, өндіруші де ұтады», - дейді «Агро Феликс» шаруа қожалығының басшысы Енисей Юн.

Статистикалық көрсеткішке назар аударсақ, 2017 жылы Атырау облысында 8404 гектар алқапқа егін себілген. 2016 жылы бұл мақсатқа 7604 гектар жер пайдаланылған еді. Оның 2538 гектары көкөніс, 1035 гектары бақша дақылы, 2023 гектары картоп, 2808 гектары жемшөп дақылы. Бүгінде егін шаруашылығын субсидиялауға жергілікті бюджеттен 4 бағдарлама бойынша 208,2 млн. теңге бөлінген. Бұл салада облыс бойынша 408 шаруашылық, 3998 адам жұмыс істейді.

Айдос Қарабала