Көктемгі тасқын кезінде Атырау қаласы мен Мақат ауданынан көмекке келген азаматтар мен аудан тұрғындарына құрмет көрсетілді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Аудан әкімі Қанат Әзмұханов қиын-қыстау сәтте күш біріктірген азаматтарға ризашылығын білдіріп, алғысын жеткізді.
"Ауданымыз табиғи апатпен бетпе-бет келген сын сағатта ешкім сырт айналмады. Жүздеген жанашыр азамат жан ұшыра қайрат қылды. Сіздердің сол шақта күн-түн демей тасқынға қарсы тұрып, арпалысқан қажырлы да жанкешті еңбектеріңіздің арқасында аман алып қалдық. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын",- деді аудан әкімі Қ.Әзмұханов7
Тасқынмен күрескен азаматтар ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың, ҚР-ның Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбановтың, облыс әкімі Серік Шәпкеновтің және аудан әкімі Қанат Әзмұхановтың Алғыс хатымен марапатталды.
Жиында бір топ азаматтың есімі ерекше аталып, облыстық, аудандық мәслихаттың және «AMANAT» партиясының АОФ төрағасының, облыстық ТЖД бастығының Алғыс хаты табысталды.
Сонымен қатар, «Ақ жол» Демократиялық партиясының арнайы «Апатпен күрескені үшін» төсбелгісі миялылық 9, сағыздық 5 азаматтың кеудесіне тағылды.