Атыраулықтар бекірені түсінде көруі мүмкін...

Мамандар бекіре өсіретін зауыттар жаңармаса, бағалы балық жойылып кетуі мүмкін екенін ескертеді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

– Бүгінгі проблема – бағалы бекіре балығын өсіретін зауыттардың техникалық жағдайы мәз емес. Аймақта осындай екі зауыт бар. Бірі – «Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыты», екіншісі – «Атырау бекіре балық өсіру зауыты». Екеуі де Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитетіне қарайды. Бүгінде олардың техникалық жай-күйі сын көтермейді.  Өйткені, екеуі де ескіріп, әбден тозығы жеткен. Ешқандай заманауи құрылғылармен жабдықталмаған. Бұл ретте, зауыттарға реконструкция және жаңарту жұмыстарын жүргізу қажет, - дейді облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы.

Сондай-ақ, браконьерлік фактілері де тыйылмай тұр екен. Тіпті, соңғы кезде бұл агрессивті сипат ала бастаған. Шын мәнінде олар да біздің өңірдің қарапайым тұрғындары емес пе?! Демек, туған жердің табиғаты мен экологиясына жандары ашуы керек-ақ. Бірақ, қазір ұлтжанды азаматтар қатары сиреп бара жатыр. Әркім өзінің жеке басымен әуре. Көбісі су маржандарын мемлекеттің мүлкі ретінде көреді. Оны қорғауға кез келген азамат та атсалыса алады. Ал, мұны ескеріп жатқан ешкім жоқ. Өте өкінішті...

Фото: "ПК"