Атырауда бірнеше бақылау бекеттерінде атмосфералық ауадағы күкіртті сутектің шекті рұқсат етілген концентрациясының (ШРК) асып кетуі тіркелді – кей жерлерде 10–11 есеге дейін. Осыған байланысты Экология департаменті ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарға жоспардан тыс тексерулер жүргізуді бастады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
«Қазгидромет» РМК Атырау филиалының мәліметінше, 17–18 наурыз күндері №17 (ПНЗ) және №114 («Загородная») бекеттерінде күкіртті сутектің ШРК 1-ден 4 есеге дейін артқаны анықталды. Бұл күндері желдің бағыты оңтүстік-батыс және батыс жақтан соғып, жылдамдығы 2–7 м/с аралығында болған. Осы бағытта қаланың солтүстік өнеркәсіптік аймағында «ҚазТрансОйл» АҚ Атырау мұнай құбыры басқармасы, «Каспий құбыр консорциумы», «West Dala» ЖШС және «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» АҚ орналасқан.
18–19 наурызда «Мирный» станциясында («АНПЗ» ЖШС) күкіртті сутектің мөлшері 4 есеге артқан, «Перетаска» станциясында – 1 есе, №103 «Шағала» бекетінде – 5 есе, №109 «Шығыс» бекетінде – 8 есе, №111 «Жилгородок» бекетінде – 4 есе, №112 «Әкімдік» бекетінде – 10 есе артқаны тіркелді. Сондай-ақ, №113 «Авангард», №114 «Загородная» және ПНЗ №5 «Курсай» бекеттерінде (1-ден 5 есеге дейін) ШРК асып кеткені анықталды.
18–19 наурыз күндері тұрғындардың жағымсыз иіске қатысты шағымдарына байланысты Экология департаменті Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және «Қазгидромет» мамандарымен бірлесіп, қаланың тұрғын аудандарында атмосфералық ауаға мониторинг жүргізді. Ауа сынамалары «Квадрат» булану алаңында, қаладан 5 км қашықтықта, «ҚазТрансОйл» АҚ санитарлық-қорғау аймағының оңтүстік жағында және Атырау мұнай өңдеу зауытының санитарлық аймағынан тысқары жерлерде алынды. Зертханалық талдау нәтижесінде күкіртті сутектің ШРК «Квадрат» булану алаңында асып кеткені анықталды.
Бұдан бөлек, 19 наурыз күні 05:00–05:20 аралығында №111 «Жилгородок» бекетінде күкіртті сутектің ШРК 11 есе, ал №112 «Әкімдік» бекетінде 10,7 есе артқаны тіркелді.
Осы жағдайға байланысты Экология департаменті қаладағы ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың экологиялық нормаларды сақтауына қатысты жоспардан тыс тексерулер бастады. Тексеру нәтижелері мен қабылданған шаралар туралы қосымша хабарланатын болады.
Амандық АБДОЛ