Атырауда 10 мыңға жуық шабақ құтқарылды

Махамбет ауданында «Теңіз жүрегі» жобасының 100-ден астам еріктісі Жайық өзенінің шабақтарын құтқару акциясын ұйымдастырды,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Эко-акция Атырау қалалық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясымен бірлесіп өткізілді.Бұл шара өзеннің экожүйесін жақсартып, шабақтардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасап, жағалауды қоқыстардан тазартумен ерекшеленді.

- Биыл төтенше жағдайға байланысты Жайық өзені өз арнасынан асып, нәтижесінде балықтар уылдырық шашатын шалшықтар пайда болды. Су қалпына келгенде шабақтар өзенге қайта кіре алмай қалған. Сол себепті еріктілермен бірлесіп, акция аясында 10 мыңға жуық қалып қойған шабақты өзенге жібердік, - деді «Теңіз жүрегі» жобасының менеджері Рысты Жексенбаева.

Ал жоба еріктісі Раушан Сиражеваның айтуынша, бұл тек Жайық өзені үшін емес, бүтін өңір үшін маңызды.Мұндай жұмыстар жастарды жауапкершілікке баулиды.

- Балам екеуміз қоқыс жинап, шабақтарды құтқаруға көмектестік. Менің ойымша, бұл жас ұрпақтың жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді, - деді Р.Сиражева.

Фото: ӨКҚ