Атыраулық медицина қызметкерлері «Кәсібінің үздігі» бірінші республикалық конкурсының жеңімпаздары атанды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде медицина және фармацевтика қызметкерлерінің арасында «Кәсібінің үздігі» бірінші республикалық конкурсының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Марапат иелерін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова құттықтады.
16 номинация бойынша марапатталған үздіктердің екеуі - атыраулық. «Стационардың үздік дәрігері» атағына Атырау облыстық кардиологиялық орталығының дәрігер-кардиохирургі Мақсат Жантұрғанов ие болса, «Медициналық-санитариялық алғашқы көмектің үздік мейіргері» номинациясы Геолог емханасының мейіргері Гүлбаршын Махамбетоваға бұйырды.
-«Кәсібінің үздігі» байқауы — медицина қызметкерлерінің дамуына, кәсіби шыңдалуына шабыт береді. Бұл біздің дәрігерлерімізге , оқытушыларымызға және жас мамандарға қосымша білім мен тәжірибе алуға бағытталған маңызды қадам, - деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Сонымен қатар, министр 2025 жылды «Біліктілікті арттыру жылы» деп жариялайтынын атап өтті.
Сәуле МАҒАУ