Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев әлеуметтік желідегі тікелей эфирлердің бірінде ботаникалық бақ құрылысы биыл жазда басталатынын мәлім етті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
"Ботаникалық бақ жобасы үш кезеңнен тұрады. Атап айтқанда, жобалау-сметалық құжаттама, техникалық-экономикалық және ғылыми негіздеме әзірлеу керек. Құрылыстың өзі 2025 жылдың жазында басталады. Бұл ретте, аталған әрбір кезеңге 9 ай уақыт жұмсалатынын ескерген жөн", - дейді Ж.Орақұлы.
Еске сала кетейік, бұған дейін облыс әкімі Серік Шәпкенов экологиялық жағдайды жақсарту үшін ботаникалық бақ салуды ұсынған болатын. Ол өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту үшін салынатын ботаникалық бақ ғылыми-қолданбалы ұйым болуы керектігін айтқан еді. Бүгінде бұл тапсырма орындалып жатқанын білдік. Нақтырақ айтқанда, жер телімі белгіленіп, жуырда зерттеу жұмыстары басталмақ. Ботаника және фитоинтродукция институты дайындаған жоба бойынша ботаникалық бақ экспозициялық, қоғамдық, ғылыми және өндірістік-шаруашылық зоналарға бөлінеді.
– Экология мәселесі – біз үшін өте маңызды. Ол үшін біріккен топ құрып, айналысуымыз керек. Осыған орай ботаникалық бақ құруды ұсынамын. Ботаникалық бақ аймақтағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін ғылыми-қолданбалы ұйым болуы қажет. Ғылыми түрде жасыл желек егумен неге айналыспасқа? Онымен айналысу үшін Экология департаментінің лабораториялық жарақтандыру жағын жақсарту керек. Заманауи жабдықтар керек болса, жергілікті бюджеттен қаржы бөліп, алып беруге дайынбыз, - деген болатын С.Шәпкенов.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ