Балалар ауруханасының 50 жылдық мерейтойына орай облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы, аурухана ұжымы мен сала ардагерлері қатысқан салтанатты іс-шара өтті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Балалар ауруханасының бірқатар қызметкерінің өңіріне “Ерен еңбегі үшін”, “ ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі”, “ҚР денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін” төсбелгісі тағылды. Одан бөлек, сала мамандарына “Құрмет грамотасы” және облыстық мәслихат төрағасының, денсаулық сақтау басқармасы басшысының Алғыс хаты табыс етілді.
- Алғашында 1967 жылы 15 жасқа дейінгі балаларға мамандандырылған стационарлық медициналық көмек көрсету мақсатында аурухана базасында 40 орындық екі балалар бөлімшесі жұмыс істеді. 1974 жылы желтоқсан айында 120 төсек-орны бар алғашқы типтік облыстық балалар ауруханасы болып ашылды. Қазіргі таңда аурухана 220 орындық көпбейінді медициналық көмек көрсететін ұйымға айналған. Біздің дәрігерлеріміз күн сайын 500-ге жуық азаматқа консультациялық кеңес береді . Аурухананың материалдық-техникалық базасы жылдан жылға жақсарып келеді , - деді облыстық балалар ауруханасы директорының уақытша міндетін атқарушы Бауыржан Базарғалиев.