Өңірдің өзекті проблемаларын ғылым жолымен шешуге болады

Тарих ғылымдарының кандидаты, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Гүлфайруз Қайырғалиқызының айтуынша, ғылым өңірлік қажеттіліктері шешуге бағытталуы керек, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

– Бүгінгі таңда адам баласы ғылым мен техниканың жоғары дамыған кезеңінде өмір сүріп жатыр, - дейді ол. –  Сәт сайын ғылымда түрлі жаңалықтар жасалып жатады. Қазақстанның әлем көшінен қалып қоймауы үшін отандық ғылымның дамуы аса қажет. Егер ғылыми-техникалық процестерді жетілдірмесек, жаңа технология өндіріске келмесе, біз сол бұрынғы табиғи байлықпен күн көріп отырған деңгейден аса алмаймыз. Қазақ жері қанша бай десек те, есепсіз пайдалана беру, тіпті оны өзіміз үшін емес, өзге елдердің қажеттілігі үшін шикізаттай бере берсек, түбінде еліміздің болашағына қауіпті болады. Біз үшін Жапония секілді елдер ғылымды дамытудың үлгісі болуы керек. Қазіргі кезде Атыраудың өзінде үлкен мәселелер бар. Кейде адамдар ғылым дегенде күрделі мәселелерді ойға алады. Біздің міндетіміз ғылым тілін қарапайым халыққа жақын болатындай етіп түсіндіре отырып, ғалымдардың зерттеулерін өндіріске әкелуіміз қажет деп ойлаймын.

Екіншіден, атыраулық ғалымдар өз зерттеулерін өңірдің қажеттіліктеріне арнауы керек дер едім. Қазіргі таңда біздің өңірімізде экологиялық жағдай, су тапшылығы, азық-түлік қауіпсіздігі, адамдардың денсаулығының күрт нашарлауы, аурудың жасарып кетуі, бұрын болмаған ауру түрлерінің шығуы, ерекше балалардың көбеюі және басқа да көптеген мәселелер бар. Бұл сұрақтардың тиімді жолдарын шешуде ғылым мен жергілікті билік арасында байланыс болуы тиіс деп ойлаймын. Жергілікті әкімдіктерде ғылымды дамыту, ғалымдарды қолдау және қолданбалы ғылымға қатысты арнайы гранттық тапсырыс беру жолдары қарастырылуы керек. Ғылымды қолдау тек кітап шығаруды қолдау емес.

Мысалы, күні кеше ғана мұнайшылар арасындағы наразылық шықты. Бұл жерде өндіріс орындарын салу, моноқалалардағы демографиялық жағдай, жұмыс орындарын беру мен жұмысқа күшіне қажеттілік арасындағы баланс, аудандастыру және көптеген мәселелер бар. Бұл жағдайларды экономистер, социологтар және басқа да бірқатар ғылымдардың кешенді зерттеулері арқылы алдын-ала болжамдар жасау туралы анықтауға болады. Менің ойымша, теориялық зерттеулермен қатар практикалық мәні бар, қолданбалы зерттеулерге назар аударған дұрыс.