Оқу-ағарту министрлігі жемқорлардан тәркіленген қаражатқа биыл салынатын мектептердің тізімін жариялады, деп хабарлайды AtyrauPress.
Құжатта 62 жобаның тізімі көрсетілген. Соның ішінде Астана қаласы мен Алматы облысында осы қаражат есебінен салынатын немесе кеңейтілетін мектептердің саны өзгелерден бірнеше есе көп. Атап айтқанда, әрқайсысында 10 мектеп салу жоспарланған. Мұнан соң білім нысандары көп салынатын өңір - Түркістан облысы. Онда 9 жоба қолға алынады.
Ал Атырау облысында жемқорлардан тәркіленген қаражатқа екі мектеп салынады. Оның біріншісі - Ақжар-2 ауылындағы 600 орындық мектеп, ал екіншісі - Бірлік-2 ауылында. Онда да 600 оқушыға шақталып білім ордасының құрылысы жүреді деген жоспар бар.
Биыл жемқорлардан түскен қаражат есебінен 96 млрд 495 млн теңгенің 62 жобасы іске асырылмақ.
Оның ішінде ескірген мектептің орнына жаңа мектеп салу, жаңадан мектеп салу және орын тапшылығы бар білім мекемесіне қосымша ғимарат салу жобалары бар.
Мектептер тізімін мына сілтемеден көре аласыздар.
Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы халыққа Жолдауында жемқорлардың заңсыз тапқан қаржысы олар сотталған соң мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалу керектігін айтқан еді.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА