Былтырдан бастап «Алтын белгіге» үміткерлер қатарының азаюына олардың Назарбаев зияткерлік мектебіне барып, емтихан тапсыратындығы себеп болып отыр, деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл мәселе облыс әкімінің орынбасары Ж.Бисембиевтің қатысуымен өткен кеңейтілген алқа отырысында айтылды. Онда мектептерде білім сапасының төмендігі және оның себептері жайлы айтылды. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Дүйсекенованың айтуынша, білім сапасының төмендеуіне пандемия кезінде қашықтан оқу мен балаларға бағаны көтермелеп қою жағдайлары әсер етіп отыр.
- Былтыр «Алтын белгіге» 237 оқушы үміткер қатарында еді. Алайда былтыр үміткерлердің Назарбаев зияткерлік мектебіне барып, емтихан тапсыратындығы туралы жобасы бұл көрсеткіштің төмендеуіне себеп болды. Сол сәтте «Алтын белгіге» үміткерлер саны бірден 109-ға азайып кетті. Бұл жағдай биыл да қайталанып отыр. Оқу жылының басында үміткерлердің саны - 240 болса, бүгінде 140 оқушыны құрап отыр. Бұл – мектеп тәмамдаушы түлектердің өз біліміне деген сенімсіздігін көрсетсе керек. Сондықтан мектептерде оқушыларды бағалау жүйесі әділ болуы тиіс, - деді А.Дүйсекенова.
Алқа отырысында бұл мәселеге байланысты мектеп директорларының жауапкершілігін күшейту жайы айтылды. Өйтпеген жағдайда тиісті шара қолдану қажеттігі де сөз болды.