Атырауда мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында екі мектеп салынып жатыр

Облыс орталығында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жаңа үлгі бойынша екі мектептің құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress облыстық білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2021 жылдың соңында Атыраудың «Нұрсая» және «Сарыарқа» шағынаудандарында BINOМ SCHOOL құрылысы басталған. Шаһарда салынып жатқан 2000 орындық қос мектептің құрылысына 20 миллиард теңге бөлінді. Әр білім ұясының аумағы 22 мың 400 шаршы метрді құрап, 4 қабаттан және 13 блоктан тұрады.
Атыраудағы BINOM мектептері құрылысының мемлекеттік серіктесі Атырау облысының білім беру басқармасы, жеке серіктесі «BINOM Atyrau» ЖШС. Ал бас мердігер «BiGlobal» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болса, бас жобалаушы «Данайхан Стройтех» ЖШС.


Айта кеткен жөн, BINOM мектептері балаларды тегін және аралас тілде оқытады. Оқушыларды білім ордасына қабылдау ҚР білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік ережелері негізінде жүзеге асырылады. Жоба оқушы орындарының тапшылығын азайтуға және үш ауысымды мектептердің жүктемесін азайтуға бағытталған. Мәселен, Атырау облысында 4 апатты және 11 үш ауысымда оқытатын мектептер бар. Бұған халық санының өсуі мен мұғалімдер тапшылығы себеп болып отыр. Егер 2015 жылы облыста 109 392 оқушы болса, жаңа оқу жылындағы есеп бойынша 143 481-ге жетіп отыр.  


BINOM SCHOOL-дың тағы бір артықшылығы – инклюзивті білім беру мүмкіндігі. Онда білім беруде ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін қолайлы оқыту орта жасалады.
Білім ұяларының құрылыс жұмыстары биыл жазда аяқталып, 1 қыркүйек күні атыраулық балалар заманауи мектепке барады деген жоспар бар.

Бұл білім беру нысандары Атырау облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын іске асыру барысында жүзеге асып отыр.

 

Фото: Эльмира МЫҚТЫБАЕВА.