Атырауда аула командалары арасында стритболдан сайыс өтеді

ATPress.kz. 22 маусым. Астананың 20 жылдығына арналған «Atyrau Open» қалалық турнирі бір аптаға созылады, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.

2002-2007 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы стритболдан қалалық турнир 23-28 маусым аралығында өтеді. Басталу уақыты 10.00-ге жоспарланған.

«Балалардың бос уақыттарын тиімді өткізу, осы спорт түрін дамытуға серпін беру мақсатында жарыстар мақсатты түрде ұйымдастырылады. Қалалық турнирге 11-16 жас аралығындағы жасөспірімдер қатыса алады», - деді қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ринат Ибрагимов.

Бірінші кезең - 23 маусым күні Атырау мұнай және газ университетінің ауласында, екінші кезең - 25 маусымда №17 орта мектепте, үшінші кезең - 26 маусым күні №16 орта мектепте болады. Жарыстың соңғы кезеңі 28 маусым күні «Мұнайшы» спорт кешенінде қорытындыланады.

Төрт кезеңнен іріктеліп шыққан қатысушылар 1 шілде күні "Байзар" сауда орталығының алдында сынға түседі. Ал, 6 шілде күні "Бейбарыс" алаңындағы ақтық бәсекеде жеңімпаздар анықталмақ. Жеңіске жеткендер мн жүлдегерлер қаржылай сыйлыққа ие болады.

Айта кету керек, осыған дейін Атырауда «Street WorkOut» сайыстары өткізіліп, жастар арасында үлкен қызығушылыққа ие болған-тұғын.

Жарысқа қатысу бойынша өтініштер 8701 748-57-66, 8701 052-00-77 байланыс нөмірлері арқылы қабылданады.