Аққыстауда құны 1 млрд 74 млн теңге тұратын Өнер мектебінің құрылысы басталды

Бұл туралы AtyrauPress Исатай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

  Екі қатарлы ғимараттың жалпы ауданы – 4 мың 276,81 шаршы метрді құрайды. Мұнда 183 орындық акт залы мен сыртқы іс-шараларға арналған орын болады. Сондай-ақ 137 орындық амфитеатр қаралған.
 

- Ғимараттың бірінші қабатында 183 орындық акт залы, әрқайсысы 8 адамдық музыка сыныбы және қолданбалы өнер шеберханасы, әрбірі 6 адамдық кескіндеме және сурет, мүсін шеберханалары, 11 адамдық би сабақтарына арналған зал мен 16 орындық буфет бар. Ал екінші қабатта оқу залы бар кітапхана бөлмелері қарастырылған. Сонымен қатар 10 адамдық хор және оркестр сыныбы, әрқайсысы 8 адамдық өнер тарихы және поэтикалық өнер кабинеті, 10 адамдық ансамбль сабақтарына арналған сынып қарастырылып отыр,- дейді мердігер мекеменің өкілі Руслан Сиғуатов.  


Аудандық білім бөлімінің мамандарының айтуынша, бұл мектеп өңірдегі өрендердің өнерін шыңдайтын орын болмақ. Қазірде Ш.Шәріпов атындағы балалар саз мектебі ғимараты 150 оқушыға арналған. Алайда онда 200-ге жуық бала тәрбиеленуде. Мектеп директоры Ербол Ақтановтың айтуынша, соңғы кезде басқа аспаптарға да сұраныс артқан. Би үйірмесіне де орын тапшы. Өнер мектебі пайдалануға берілген жағдайда саз мектебінің де бірқатар мәселелері шешіледі.  

Исатай аудандық оқушылар үйі де көптен кең ғимаратқа зәру. Онның үстінде үйірме ақысыз білім беретін мектептен тыс ұйым да Өнер мектебін мекендеуі мүмкін.
             Қазіргі таңда Оқушылар үйінде 13 жоғары білімді қосымша білім беру педагогі жұмыс істейді. Ондағы  үйірмелерге  ауданның  Аққыстау, Өркен, Абай, Новобогат, Ж.Мырзағалиев   атындағы жалпы білім беретін орта мектептерінен  535 оқушы білім алады.


«Пәндік үйірмелер ауысыммен жұмыс жасайды, ал би үйірмесінің балалары үшін Оқушылар үйінің би залы таршылық етеді. Сол себепті алдағы уақытта ауданымыздың өнерге баулу үшін арнайы  жабдықталған қолайлы орын табылса деген ұсынысты жиі айтып жүретінбіз» дейді оқушылар үйінің  директоры Ақтолқын Шайхықызы.


     Айта кетейік, Өнер мектебінің құрылыс жұмыстарын «САЛА» ЖШС атқарады. Қазіргі уақытта ғимараттың жері қоршалып, тегістеліп, бетон құю жұмыстары жүргізілуде. Мектеп құрылысы 2024 жылғы маусым айында аяқталмақ.   Келісімшарт құны  - 1 млрд 74 млн 795 мың 682,24 теңге.