Атырау қаласында 24 қаңтар күні таңғы сағат 07:30-дар шамасында бір отбасының үш мүшесі газға уланды.
Бұл туралы AtyrauPress облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Облыс орталығының Томарлы ауылы, Есмұхамбетов көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінде 3 адамның көмір қышқыл газына уланып қалғаны туралы хабарлама түсті. Төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері оқиға орнына жеткенше уланған тұрғындар жедел-жәрдем қызметімен ауруханаға жеткізілген.
Абырой болғанда олардың үшеуі де дін-аман. Атап айтқанда, 47 жастағы ер мен әйел және 14 жасар жасөспірім дәрігерлердің қарауынан кейін үйлеріне қайтарылды. Ақ халаттылардың айтуынша, олардың жағдайы жақсы.
Осы ретте Атырау облысы төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері қала тұрғындары мен қонақтарын тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.
Фото ашық дереккөздерден алынды.