Мамандар Атыраудағы жол сапасы туралы айтты

«Жолдың жарығын осылай жамау дұрыс па?» деген желі қолданушы сауалына баспасөз мәслихатында мамандар жауап берді, деп хабарлайды ATPress.kz.

Биыл жазда желіде Атырау қаласындағы көпірлердің біріндегі  жарылған асфальтты қолына  шәугім алып сұйықтықпен жамап жүрген жұмысшының бейнежазбасы тараған болатын.
“Жол активтері ұлттық сапа орталығы” РМК АОФ директоры Бекбол Мұқашов бұл Балықшы ықшамауданындағы жағдай екенін айтты. «Тапсырыс беруші - қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мекемесі. Бұл әрекеттің заманның талабына сәйкес келмейтіні анық еді.  Сол себепті жағдайға байланысты мердігер мекемеге жабаша ұсыныстар берілді.

Тапсырыс беруші мердігер компанияға шарасын қолданды және көпірдің кіре берісіне қайтадан асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді» деді Бекбол Мұқашов.

Одан өзге, жыл бойы атқарылған жұмыстарға тоқталған маман биыл облыстағы жол құрылыстарын тексеру бойынша 70 нысанның қамтылғанын атады.

«Оның ішінде 957 рет  автомобиль жолдарына тексеріс жүргізіліп, 283 ақаулық анықталды.

Аталған ақаулықтардың 60 пайызы Қазақстан Республикасы мемлекеттік стандарттарына сәйкес қалпына келтірілді. Біздің ұсынысымызбен мемлекеттік сәулет құрылыс басқармасына жеті хат жазылып, екі мердігер мекемеге 2 млн.500 мың теңгеге айыппұл салынып, 4 жауапты адамға уақытша жұмысын тоқтату  бойынша ұсыныстар берілді және ол  басқармамен толықтай нақтыланды»  дейді ол.

“Жол активтері ұлттық сапа орталығы” РМК АОФ инженері Нұрлан Жантурин жыл бойына республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарына 786 рет бақылау жасалғанын айтып өтті.  Соның ішінде 218 ақаулық анықталып,  оның 37-сі қалпына келтірілмеген.
«685 материал сынақтан өткізіліп, оның 15-і талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды. Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының сапасына 171 рет бақылау жасалып,  65 бұзушылық белгілі болды, оның 45-і әлі күнге орындалмады.

Сынама жұмыстары нәтижесінде Қазақстан Республикасы мемлекеттік стандарттарына сәйкес келмейтін 104 материал тіркелді» дейді Нұрлан Жантурин.


Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ