Наурызнама онкүндігі аясындағы Ұлттық спорт түрлері күніне орай Исатай-Махамбет алаңында ұлттық спорт түрлерінен кең ауқымды жарыстар өтті. Шара дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының қолдауымен, сондай-ақ Ұлттық спорт клубының ұйымдастыруымен жоғары деңгейде ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бұл іс-шара қазақ халқының дәстүрлі ойындары мен спорттық мұрасын дәріптеуге, ұлттық спорт түрлерін дамытуға серпін беруге және жастарды салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыруға бағытталған.
- Бүгін еліміздің барлық өңірінде “Ұлттық спорт” күніне орай түрлі жарыстар мен іс-шаралар өтуде. Солардың бірі біздің қаламызда ұйымдастырылып, шаhар тұрғындары мен қонақтарына нағыз спорттық көңіл-күй сыйлауда. Жарыста 250-ден астам қатысушы өз шеберліктерін көрсетіп, ұлттық спорттың беделін арттыруға үлес қосуда. Жеңімпаздар медальдармен, сертификаттармен және ақшалай сыйақылармен марапатталады, – дейді “Атырау облыстық ұлттық спорт түрлерінің спорт клубы” КММ директоры Асылбек Қалиев.
Жарысқа қатысқандар арасынан жеті түрлі ұлттық спорт түрінен, атап айтсақ, қазақ күресі, тоғызқұмалық, асық ату, бұқа тартыс, арқан тартыс, ләңгі тебу және қой көтеру сияқты жарыстардан өзара мықтылар анықталды.
- Ләңгі тебуден өткен сайыста өз бағымды сынап, бір минут ішінде 61 рет ләңгі тептім. Бұл спортқа бала күнімнен қызығып ойнағанмын. Соның арқасында жарыста жақсы нәтиже көрсетіп, жеңіске жетуге мүмкіндік туды. Ұлттық спортымыз дами берсін! – дейді қала тұрғыны Әділет Пазәліғалиев.
Ұлттық спортты дәріптейтін осындай шаралар халықтың рухын көтеріп, салауатты өмір салтын насихаттауға үлес қосуда.