Азаматтық қоғам өкілдерінің түйіткілді мәселелері тыңдалды

Атырау облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мақсым Ізбасов ҮЕҰ өкілдерімен кездесті – деп, хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.

Кездесу барысында түрлі мәселелер талқыланып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Түйіні шешілмей келе жатқан түйіткілдің бірін «Беймахис» бағбандар ҚБ-нің жетекшісі жеткізді

- Бірінші мәселе, Сарыөзектегі тұрғын-жайлардың үстінен жоғары вольтты электр желілері өтіп жатыр. 70 жыл бұрын қолданысқа берілген электр желілері қазір қауіпті күйде, қайта қалпына келтіруді қажет етеді. Екінші мәселе, саяжайға қосымша егін егуге, алма ағашын отырғызуға жер берілсе деймін. Үшінші мәселе, Жайық жағалауының тазалығын сақтау. Демалыс аймақтарына арнайы патрульдік полиция бригадалары бөлініп, қатаң қадағалап, арнайы белгілер орнатылуын сұраймын – деді,   Алих Ғұмаров «Беймахис» бағбандар ҚБ-нің жетекшісі

Қоғамдық кеңес өкілдерінің айтуынша бұл мәселе қазір әкімдікте қаралып жатыр. Қала әкімі Қайрат Оразбаев  аталған саяжайға және Сарыөзек елдімекеніне арнайы барып, жауаптыларға тиісті міндеттемелер жүктеді. Осыған орай,  Сарыөзек елдімекені мен «Гүлден» ықшам ауданының  электр желілерін қайта жаңғырту үшін жобалау-сметалық құжаттама жасақталуда. Ал, егін, тал егу мен Жайық жағалауын тазалау жұмыстарының тиімді шараларын ұйымдастыру бірлескен жұмысты қажет ететіндігі айтылды.

Айта кетейік, Атырау облысының Қоғамдық кеңесінде 4 бағыт бойынша арнайы комиссия құрылған. Олар, экономика және бюджет мәселелері жөнінде және әлеуметтік, мәдени даму мәселелері, энергетика, инфрақұрылымды дамыту, цифрландыру мәселелері мен заңнама, құқық қорғау. Экология, табиғат пайдалану мәселелерін қарайды.

Жалпы, облыста 9 қоғамдық кеңес бар. Оған 133 мүше сайланған. Оның 101-і конкурстық негізде болса, қалған 32 мүшесі мемлекеттік орган өкілдері болып табылады.