Атыраудағы жүн өңдеу фабрикасы қайта жандана ма?

Атырауда тоқтап тұрған жүн өңдеу фабрикасын қайта жандандыру үшін ең төмен пайызбен несие беріледі, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

2015 жылы индустрияландыру бағдарламасы аясында ашылған кәсіпорын қуаттылығын азайтса да, биылға дейін жұмыс істеп келді. Жылына 500 тонна жүн өңдеп, одан дайын өнім шығарды. «Caspiy Lana Atyrau» ЖШС 2014 жылы құрылып, бюджет қаражатынан жүн өңдеу және жүннен тоқыма өнімдерін шығаруға қажетті құрылғыларды алуға, фабриканының құрылысын жүргізуге қаражат заем ретінде «Атырау әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ы тарапынан берілді.

Енді оны қайта қалпына келтіремін дейтін кәсіпкерлерге 3 пайыз несие беріледі. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Атырау облысына жасаған жұмыс сапары кезінде айтқан еді.

«Жүн өңдеу фабрикасы жекеменшік жоба. Кәсіп болған соң біреуі сәтті, енді біреу сәтсіз болады. Оны ашу үшін әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациядан ақша алды, бірақ жұмысын жүргізе алмады. Егер оны қайта жандандырамын десе, мемлекет әртараптан қолдауға дайын. Өйткені елімізде 40 мың тоннаға жуық жүн жиналады. Оның көбі жойылады немесе қоқысқа тасталады. Осындай жағдайды болдырмас үшін өнеркәсіпті қолдау қоры жүнді өңдеу және тоқыма бұйымдарын жасау үшін 3 пайыз несие береді. Басқа жаңа жобаларға 7 пайыз қарастырылған. Осылайша жеңіл өнеркәсіпке осындай мүмкіндік беріп отырмыз. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетілетін базалық көмек. Әрі қарай кәсіпкердің өзіне байланысты», - деді М.Қарабаев.

 «Атырау әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Қаппазовтың айтуынша, қазір тұралап тұрған фабриканы жандандыру мақсатында әлеуетті инвестор іздестірілуде. Қызығушылар баршылық. Алайда, нақты іске кірісуге тартыншақтап отырғандар бар.

«Инвестордың болғаны өзімізді де қызықтырып отыр. Өйткені біз қарызға берген 1 млрд 600 млн-нан астам ақшаның қайтарымын күтеміз. «Caspiy Lana Atyrau» ЖШС-ы ол қаржыны құрал-жабдықтар мен фабриканың құрылысын жүргізу үшін алды. Егер ол ақша қайтатын болса, біз облысқа қажетті басқа да жобаларды қаржыландырар едік. Фабрика соңғы уақытта жұмыс істегенімен, шығындарын жаба алмады. Атырау өңірінде шикізат өнімінің тапшылығына байланысты, өзге өңірлерден және Ресей Федерациясынан алдыруға мәжбүр болды. Себебі, аталған қондырғыларда өңделетін жүн меренос қойының биязы жүні болу керек. Сонымен қатар облыс аумағында  түйе жүнін қырқудың өзіндік құны қымбат болғандықтан, өңделген түйе жүнін басқа өңірлерден сатып алуда. Кәсіпорынның қазіргі уақытта тұралауының басты себебі - айналым қаражатының болмауы салдарынан шығарылған өнім көлемі кәсіпорын шығынының аз бөлігін жапты. Осыған байланысты, Атырау ӘӘК АҚ арқылы берілген заемның уақытылы қайтарылмауына әкелуде», - деді Н.Қаппазов. 

Сонмен қатар, Нұрлан Қаппазов нарықта халық тарапынан Қытай мен Өзбекстаннан әкелінетін синтетика аралас көрпелерге сұраныс көптігін және осыған байланысты фабрика бәсекелестікке төтеп бере алмағанын айтты. Сол себепті, «Caspiy Lana Atyrau» ЖШС өндіретін табиғи өнімді ішкі нарыққа да шығаратын, шетелге де экспорттауға  қарым-қабілеті жететін кәсіпкер керек.

Естеріңізге сала кетейік, жүн өңдеу фабрикасын ашу үшін 3 млрд теңге жұмсалған. Сол кезде жылына 200 мың табиғи көрпені нарыққа жіберу жоспарланған. Қой мен түйе жүнін жуып, оның түбітінен жіп иіріп, көрпе мен жамылғы тігіп келді. Тіпті, 2018 жылы республикалық «Алтын сапа» конкурсында «Ең үздік тауар» атанған.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА