Атырауда журналистің көлігін өртеп кетті

Мамырдың онынан он біріне қараған түні белгілі журналист Виктор Сутягиннің  ауласында тұрған көлігін белгісіз біреулер өртеп кетті, деп хабарлайды AtyrauPress.

Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Журналистің айтуынша, ол көлікті үйдің бұрышына қалдырып кеткен.

«Сағат 00:00-де сыртқа шыққанда тыныш еді. Көршінің бейнебақылау камерасынан күдікті адамның сағат 02:24-те келгенін көруге болады. Ол көліктің капотына бірдеңе істеп жатты. Біраз уақыттан соң жарылыс болды. Күдіктінің өзі зардап шегуі мүмкін. Одан басқа ешкімге зақым келген жоқ. Жақын жерде көршілердің көліктері тұрған болатын. Алайда оларды алып үлгерді», - деді журналист.

Атырау облыстық полиция  департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 11 мамыр күні сағат 04:21 шамасында Атырау қаласы полиция басқармасының  автопатрульдік  экипажы Наурызалиев көшесіндегі үйдің жанынан өртеніп жатқан Lexus RX-300 автокөлігін көрді.

«Оқиға орнына дереу өрт сөндіру қызметі жіберілді. Жарылыс белгілері жоқ. Онда қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіледі. Болған оқиғаның себеп-салдарлары анықталып жатыр. Жәбірленушінің өтініші ҚК-нің 202-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелген», - деп жазылған полицияның хабарламасында.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА