Атырауда жол жөндеуге 15 миллиардқа жуық теңге бөлінді

Қаланың іргесі мен ішкі жолдарын жөндеуге республикалық және қалалық бюджеттен қаржы бөлініп, жол жөндеу жұмыстары басталып кетті, деп хабарлайды AtyrauPress.

Атырау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әлібек Мұхамбетәлиевтің айтуынша, жол құрылысына 44 млрд теңге қаралған. Бүгінгі күні соның 15 миллиардқа жуығы бөлініп отыр. Жоспар бойынша 7 қалаішілік және 9 ауылдың 163 көшесіне асфальт төселеді.

«Қазір 16 учаскеде құрылыс қызу жүріп жатыр. Соның бірі – Азаттық даңғылы. Оның сәуір айынан бері жөнделген 300 метр аумағы пайдалануға берілді. Енді қалған бөлігінде жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жолдың ені – 15 метр, ал ұзындығы – 1 850 метрді құрайды. Маусым айының соңында тапсыру жоспарланған. Әр учаскенің жұмыс сапасын  техникалық қадағалау мекемесінің мамандары қадағалайды», - деді Ә.Мұхамбетәлиев.

 Қаладағы Азаттық, Датов көшесі, «Балықшы» мен «Зарослый» шағынаудандарындағы жолдар осы жылдың соңына дейін тапсырылады деп күтілуде. Қалған жұмыстар 2024 жылы жалғасады.

«Сонымен қатар бізде 9 елдімекенде жол құрылысы жұмыстары басталды. Оның жалпы ұзындығы 108 шақырымды құрайды. Жалпы қала бойынша жобалар көп. Олар өз мерзімінде жасалады. Алдағы екі жылда Атырауда 160 шақырым жол төселеді. Қаржысы бөлінген. Егер жол сапасы уақытынан бұрын бүлінсе, оны жөндеу үшін мердігер өз қалтасынан ақша шығарады», - деді Ә.Мұхамбетәлиев.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА