Атырауда жол апатынан былтыр 85 адам қайтыс болды...

Атырауда өткен жылы 1162 жол-көлік оқиғасы тіркелген, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің өкілі Мейірім Ердәулеттен білгеніміздей, жыл басынан бері Атырау облысында 1162 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, одан 85 адам қаза тауып, 1599 адам әртүрлі дене жарақаттарын алған. Тас жолдарда орын алған жол апаттарының барлығы адами фактордан болатындығы анық. Көлік жүргізушілерінің өзінің немесе өзгенің өміріне деген жауапкершіліктің болмауынан тас жолдарда өздерін еркін ұстап, белгіленген жылдамдықты шамадан тыс асыруы, басқару жүйесінде ұялы телефон қолдануы, маневр талаптарын бұзуы, балаларды арнайы ұстау құрылғысынсыз тасымалдауы және тағы сол сияқты Жол жүрісі қағидаларын сақтамау салдарынан жол апаттары жиі орын алуда.

Айта өтейік, жаяу жүргіншілердің қатысуымен 514 жол-көлік оқиғасы орын алып, 18 адам қаза тапқан. Ал, мопед, скутерлердің қатысуымен 66, балалардың қатысуымен 464 жол көлік оқиғасы орын алды.

Құрметті жүргізушілер, егер адам өліміне әкеліп соқтыратын жол-көлік оқиғасына жол берсеңіздер, ҚР Қылмыстық кодексінің 345 бабы негізінде қылмыстық жауапкершілікке тартыласыздар. Яғни 5 жылдан 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Облыс аумағында жыл басынан бері облыстық-республикалық тас жолдарда 195 жол-көлік оқиғалары орын алып, салдарынан 57 адам көз жұмып, 403 адам әр-түрлі дене жарақатын алды. Осы жол-көлік оқиғаларының барлығы да жүргізушілердің салғырт қарауынан орын алған.

"Құрметті жолаушылар, егерде Сіз жүргізушінің жылдамдықты асырғанын, ұялы телефон пайдаланғанын немесе көлікті шаршаңқы күйде басқаруын байқасаңыз дереу ескерту жасаңыз немесе 102 операторына хабар беріңіз" дейді облыстық полиция департаментіндегі мамандар.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ