Атырау облысы Құрманғазы ауылында тұратын апатты үй тұрғындары тышқандар мен жыландардан әбден мезі болғандарын айтып отыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Ғилаев көшесіндегі көппәтерлі №7 үйдің тұрғыны Нұргүл Фазылқызының айтуынша, осыдан жарты ғасыр бұрын салынған үйдің қабырғалары құлауға шақ тұр. Ал, осындай тағы бір тұрғын Дара Рахметулина көгерген үйден тұтас отбасының денсаулығы бұзылғанын айтады. Сондай-ақ, ол үйге кіретін жыландар мен тышқандарды улаудан шаршаған. Ал, ауылдық жерде ай сайын 50 мың теңгеге үй жалдауға тұрғындардың жағдайы жоқ.
Аталған мәселеге орай біз аудандық әкімдік мамандарымен байланысқан едік.
"Құрманғазы ауылы Мағзом Ғилаев көшесі, 7 мекен-жайында орналасқан көппәтерлі тұрғын үйдің жалпы ауданы – 583 шаршы метр. 1976 жылы пайдалануға берілген. 2021 жылдың 8 сәуірінде апатты деп танылған. Қазір тұрғындардың көбі үй кезегінде тұр. Олар ҚР Тұрғын үй қатынастары туралы заңға сәйкес, жаңа тұрғын үйлер салынған кезде көшірілетін болады" деді әкімдіктің баспасөз өкілі Гүлхат Хамза.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ