Оңалту орталығы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы аясында ашылған болатын, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
«Қамқорлық» орталығы өз жұмысын 2021 жылдың 5 қаңтарында Атырау облыстық балалар ауруханасы жанынан бастаған болатын. Нысан заманауи құрылғылармен жабдықталған, жоба аясында арнайы мамандар оқытылды.
- Оңалту орталығы бір мезгілде 1 жастан 18 жасқа дейінгі 50-ге жуық баланы тәулік бойы, сондай-ақ күндізгі стационарға қабылдай алады. Орталық оңалтудың әртүрлі бағыттары бойынша жұмыс істейді, сондықтан ерекше балаларға білікті медициналық көмек алу үшін облыстан тыс жерлерге барудың қажеттілігі жоқ, - дейді «Қамқорлық» оңалту орталығының меңгерушісі Гүлнара Мирамова.
Айта кетейік, «Қамқорлық» орталығы неврология, кардиология, травмоортопедия және нейрохирургия бағыттары бойынша жұмыс істейді.
Орталықта 750-ден астам ерекше қажеттіліктері бар бала емделіп шықты.