Халықты жұмыспен қамту мәселесі талқыланды

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің төрағалығымен Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы өткен жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы мен биылғы жоспары туралы алқа отырысы өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Жиында облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов халықтың жұмысқа орналасу көрсеткіші туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,8% төмендеген.

-Биылғы жылы жұмыспен қамту бағытындағы жоспар бойынша 40 800 адам әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылады. Оның 15 100-і жұмысқа орналастырылады. Жастарды қолдау бағытында 1 909 адамға мемлекет тарапынан 2 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы «Жастар тәжірибесі», “Алғашқы жұмыс орны”, “Ұрпақтар келісімшарты”, жастардың өз кәсіптерін бастауға “2,5% жеңілдік кредит” бағдарламаларына жұмсалады. Осы шаралардың нәтижесінде өңірде жұмыссыздар саны азаймақ. Сонымен қатар «Теңізшевройл» компаниясының Келешек кеңею жобасынан босағандардың 95%-ы әлеуметтік шаралармен қамтылды, жұмысқа орналастыру жұмыстары жалғасып жатыр,-деді А.Мәмбетов.

Жиын соңында Жасұлан Бисембиев жауапты сала басшыларына «Теңізшевройл» компаниясының Келешек кеңею жобасынан босағандарға тұрақты жұмыспен қамтуға, жастардың кәсіп бастауына арналған 2,5% пайыздық несиені беруге, әлеуметтік қолдау шараларына жастарды тартуға, кәсіпкерлікті дамытуға, Денсаулық сақтау басқармасына мүгедектік дәрежесін тағайындау мәселесін пысықтау үшін комиссия құруға нақты тапсырмалар берді.

-Тұрғындардың кәсіппен айналысуға деген ынтасын көтеру керек. Ол үшін бизнес идея және өзге де қолдауларға бөлінетін грант пен микро несиенің санын көбейту маңызды. Қазір елімізде осы бағытта «Ауыл аманаты», «Жұмыссыздарды несиелеу» сияқты бағдарламалар іске қосылып, қатары артып келеді. Облыс тарапынан да жасалатын жоба санын көбейтуіміз тиіс. Әсіресе, әлеуметтік жобаларды жандандыру керекпіз. Яғни біздің мақсатымыз жұмыссыздар санын азайту, шағын кәсіпкерлікті дамыту,- деді Ж.Бисембиев.

Сондай-ақ, жиын барысында әлеуметтік жобалар аясында белсенді қызмет етіп жүрген бірнеше маман облыс әкімі орынбасарының алғыс хатымен марапатталды.

Айта кетейік, аймақта өткен жылы 47 059 адам әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылды. Оның 17 692-і жұмысқа орналастырылып, 9 452-сі тұрақты түрде еңбек етіп жатыр.