Бұрын полицей болған атыраулық жігіт көпшілікті таңқалдырды

Кезінде полицияда еңбек еткен атыраулық Наурызбек Шакиев аяқ астынан жол апатына түсіп, арбаға таңылса да, он екі мүшесі сау адамдарға үлгі болуда, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бүгінде ол "Шеберлер шахары" шағын цехының жұмысын дүрілдетіп отыр. Онда ол ерекше балалардың қол моторикасын дамытумен және қолөнермен айналысады. Осылайша, мүмкіндігі шектеулі болғанымен, құлшынысы шексіз жас жігіт көпшілікті сүйсінтіп отырған жайы бар. Тіпті, жуырда ғана Орталық Азияның Еуразия қорының әлеуметтік бастамаларға арналған шағын грантын да жеңіп алды!

"Орталыққа келіп жүрген балалар гипстен жасалған түрлі пішіндерді гуашьпен бояп, өздерінің қиялындағы әсемдік әлемін жасап жатыр. Яғни, бұл жерде балалар бұйымды бояп қана қоймай, өздерінің ұсақ қол моторикасын дамытып, түстерді ажырата білу және ойлау қабілеттерін дамыту мүмкіндігін иеленіп отыр. Балаларға қызық болуы үшін заманауи мультфильм кейіпкерлерінің пішіндерін табиғи таза өнім гипстен жасап жатырмын" дейді өмірге құштар жанның өзі.

Айналдырған үш айдың ішінде 70 баланың қиялына қанат бітті десе де болады. Солардың бірінің анасы Жанна Амантайқызы қызын осы "Шеберлер шаһарына" жетектеп әкелгеніне еш өкінбейтінін айтады.

 "Балам ұзақ еңбектеніп бояған ойыншығын досына сыйлады. Енді орталыққа қайта барғысы келіп отыр. Бұрынғыдай емес, жаңаны үйренуге қызығушылығы да артты, үйде де көтеріңкі көңілмен жүреді" дейді ол.

Наурызбек енді сапалы көлемді ойыншықтар жасап шығаратын цех ашқысы келеді. Ендеше, сәт-сапар, жігерлі жас!

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ