Бүгін ел астанасындағы Тәуелсіздік сарайында Қасым-Жомарт Тоқаевты ҚР Президенті ретінде ұлықтау рәсімі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгінгі, 26 қарашадағы инаугурация – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жетінші ұлықтау рәсімі.
Рәсім кезінде Орталық сайлау комиссиясы жаңа сайланған Президентке Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігін тапсырады. Осыдан кейін Президент Қазақстан халқына ант береді. Сол сәттен бастап қайта сайланған Президент ресми қызметiне кiрiскен болып саналады.
Ұлықтау рәсімінің трансляциясы республикалық телеарналардан, интернет-ресурстардан, сондай-ақ «Ақорданың» әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарынан тікелей эфирде көрсетіледі. Көрсетілім Астана уақыты бойынша сағат 10:50-де басталады.
Еске салсақ, ҚР Орталық сайлау комиссиясының шығарған қорытындысы бойынга 20 қарашадағы кезектен тыс президент сайлауында кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 81,31 пайыз дауысын жинап, жеңіске жеткен болатын.
Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президентінің ант беру күнін 26 қарашаға белгілеген еді.
Фото: Қазақпарат