Атырау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы арнайы бағдарлама ұсынды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бүгін облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалымен әкімдік отырысы өтті. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады. Күн тәртібінде өңірдегі жылыту маусымының барысы туралы мәселе қаралды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары, басқарма басшылары, қала,аудан әкімдері қатысты. Жиында алдымен Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айдулат Кенжебеков баяндама жасады. Ол Атырау жылу электр орталығындағы 2020 жылы күрделі жөндеуден өткен қуаттылығы 100 МВт құрайтын №12 турбоагрегат 2022 жылдың 12 қазанында ажыратылғанын айтты.
- Қалпына келтіру жұмыстары 2023 жылдың 30 қаңтарына дейін аяқтау жоспарланды. Жалпы стансаның белгіленген электр қуаты 474 МВт-ты құрағанымен, қазіргі жағдайы бойынша нақты өндірілген көлем - 186 МВт-ты құрайды. Стансаның негізгі қондырғылары бойынша жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары уақытылы аяқталмаған жағдайда жылу беру маусымының тұрақты өтуіне қауіп төну ықтималдығы жоғарылайды. Сонымен қатар, жылумен жабдықтауда өзекті мәселелердің бірі «АтырауЖылуЖүйелері» АҚ-ның меншігінде жылу желілерінің тозу деңгейі 68% құрайтын 426,7 шақырым жылу желілері бар. Инвестициялық бағдарлама аясында жыл сайын 13-20 шақырымдай жүргізілген жөндеу жұмыстары 50 жылдан бері қалыптасқан жылу желілерінің тозу деңгейін төмендете алмауда. Бұл желілерді толықтай жөндеуден өткізу үшін жыл сайын 70 шақырымдай жылу желілерін ауыстыруды қажет етеді, - деді Айдулат Кенжебеков.