Атырауда құрылысы рұқсат құжаттарына сай жүріп жатқан тұрғын үй кешендерінің тізімі шықты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атырау облыстық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы Атырау қаласының аумағында құрылысы рұқсат құжаттарына сай жүргізіліп жатқан тұрғын үй кешендерінің тізімін жариялайды. Бұл тізімде үлескерлерден қаражат қабылдауға құқығы бар компаниялар да қамтылады.
МСҚБ мамандары атап өткендей, үлескер жылжымайтын мүлікке ақша салу туралы мәміле жасамас бұрын, құрылыс салушыдан оның осы нысанға қаражат тартуға рұқсаты бар-жоғын нақтылауы керек. Рұқсат болған жағдайда ғана әлеуетті салымшының қаржылық салымдары сақтандырылады.
ҚР «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңы бойынша үлескерлердің қаражатын тиісті рұқсат құжатынсыз қабылдауға тыйым салынады. Осы орайда, МСҚБ құрылыс салушыларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 320-бабы бойынша, сондай-ақ ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабы бойынша кәсіпкерлік қызметтің тыйым салынған түрлерімен айналысқаны үшін жауапкершілік көзделгенін ескертеді.
«Алдын ала брондау шарты, резервтеу шарты, инвестициялау шарты, талап ету құқығын беру шарты және т.б. сияқты қолданыстағы заңнамадан тыс жасалған барлық мәмілелер жарамсыз болады» делінген МСҚБ хабарламасында.
Егер құрылыс салушының үлескерден қаражат қабылдауға рұқсаты болса, бұл жеке және заңды тұлғалардың қаржысын сақтауға кепілдік бар дегенді білдіреді. Сондықтан, жергілікті атқарушы органдардың (әкімдіктертің) рұқсаты немесе бірыңғай оператордың не екінші деңгейдегі банктің кепілдігі бар нысандарға ғана қаражат салу керек.
МСҚБ ақпаратында көрсетілгендей, аталған тізімде құрылыс жүргізуге рұқсат құжаттары бар компаниялар ғана жарияланған. Ал, осы тізімге енбеген тұрғын үй кешендерін салушылардың құрылысқа рұқсат құжаттары болмауы мүмкін, сол себепті МСҚБ-дан немесе қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінен мәліметті нақтылау сұралады.
Фото: облыстық әкімдіктің бапасөз қызметі және ашық дереккөз