Атырауда күшік құтқарылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Жануарлар құқығын қорғаушы Мамучар Карлович өзіне Атырау тұрғынының хабарласып, өзен жағасында түнімен қыңсылап шыққан күшікке көмектесуін сұрағанын айтты. "Мой город" порталының мәліметінше, ерікті оқиға орнына келгенде мойнында тас байланған кішкентай күшікті көрген. Денесі жартылай суда болды. Карлович оны біреу әдейі суға батырмақ болғанын айтады. Жануарларды қорғаушы итті құтқару үшін аяқкиімін шешіп, жалаң аяқ өзенге түсуге мәжбүр болыпты.
"Күшік төрт айлық. Біреу мойнына әдейі тас байлап, өзен жағасына алып келген сияқты. Ол бейшара түні бойы қыңсылап, адамдарды көмекке шақырған. Күшік гипотермиямен ауырады. Аш және қатты қорқып қалған. Біз оған көмектесіп, жаңа отбасын іздейміз", – дейді волонтер.
Итке бірден алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Облыстық полиция департаменті бұл факт бойынша тергеу жүріп жатқанын хабарлады.