Ертең Атырауда тұңғыш рет жекпе-жектен əлем чемпионаты басталады

ATPress.kz. 30 қараша. Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, əлем чемпионатында Қазақстан атынан 20 спортшы қатысып, 10 салмақ дəрежесі бойынша ойын көрсетеді.

Жарысқа қатысушылар Атырауға 15 қараша күні келді. Сол сәттен бері жекпе-жек жауынгерлері күніне екі рет жаттығып, дайындықтан өтуде.

«Жекпе-жектен əлем чемпионатының Атырауда өтуі ұлттық спорт түрлерінің халықаралық дəрежеде танымалдылығын арттырады жəне қазақстандық жас ұрпақтың спортпен айналысуына серпін береді. Атырау облысының намысын үш жекпе-жек жауынгері қорғайды, олардың арасында атақты спортшы Исатай Теміров те бар», - дейді ұйымдастырушылар. 

Жанкүйер болам деушілер үш күнге созылатын халықаралық спорт додасын орталық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде тамашалай алады. Чемпионат уақыты жергілікті сағат таңғы 10.00-ден кешкі 18.00-ге дейін белгіленіп отыр. Кіру тегін. Тағы бір жаңалық - чемпионат аясында жекпе-жекпен қатар, эстрада жəне спорт жұлдыздарының қатысуымен арнайы бағдарлама көрермен назарына ұсынылады. 

 

Бек Әзберген