Атыраулық каратэші Әбілмансұр Батырғали Азия чемпионы атанды

ATPress.kz. 16 мамыр. Бүгін спортшыны Атырау халықаралық әуежайында жақын туыстары, достары салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.

«Қайсар» спорт клубының тәрбиеленушісі Әбілмансұр Батырғали жапондық Окинава аралында каратэ-додан ересектер мен жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатына қатысқан. Байрақты бәсекеге Азия құрлығындағы мемлекеттерден 700-ге жуық спортшы келіпті. 

17 жасар жерлесіміз 68 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде және «юниоры» жас санатында сынға түскен. Нәтижесінде, атыраулық спортшы төрт кездесу өткізіп, Шри-Ланка, Өзбекстан, Таиланд және Ирандық қарсыластарынан басып түсіп, Азия чемпионы атанды.

«Ең қиыны финалда ирандық спортшымен кездесу болды. Барлығына белгілі, Иранда барлық жекпе-жек түрлері жақсы дамыған, қарсыласым да мықты екен, сондықтан біз соңына дейін бірдей ұпайда болдық. Бірақ, маған жеңіс бұйырды», - дейді Әбілмансұр Батырғали.

Жаттықтырушы Сансызбай Торғаевтың айтуынша, аталған жарыс жасөспірімге бұдан да жоғары деңгейдегі жарыстарға қатысуға жолдама сыйлап отыр.

«Алдағы уақытта Әбілмансұр Болгарияда өтетін жастар арасындағы халықаралық жарысқа қатысады. Мұнда жеңіске жеткен спортшы Аргентинадағы Буэнос-Айрес қаласындағы жастар Олимпиадасына жолдама алады», - дейді Сансызбай Торғаев.

Айта кетейік, 17 жастағы Әбілмансұр Батырғали былтыр Астанада өткен Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанған-тұғын. Сол жылы каратэ-додан Әлем кубогінің иегері болып, спорт шеберіне үміткер атағын иеленген еді. 

 

Айқара Ғұмар