Қазақ күресінен ерлер мен әйелдер арасында ұйымдастырылған Қазақстан Республикасы Кубогінің иегері атанған Атырау облысының құрама командасы облыс басшылығымен кездесті, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына арналған спорт додасында жеңіске жеткен спортшыларды облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова құттықтады.
- Көк байрағымызды желбіретіп, алыс-жақын шетелге елімізді танытып жүрген сіздермен жүздесу біз үшін үлкен құрмет. Мұнайлы өлкеміздің атын шығарып, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген сіздер арттарыңыздан ерген іні-қарындастарыңызға үлгісіздер. Атырау тарихында қазақ күресінен алғаш рет Қазақстан кубогін иеленіп келген баршаңызға алғыс білдіремін. Айтулы күні сіздермен жүздескеніме қуаныштымын. Жауырындарыңыз жерге тимей, әр қазақтың баласы өздеріңіздей болсын, — деді облыс әкімінің орынбасары.
Қазақ күресінен спорт шебері, облыс құрама командасының капитаны Сұңғат Закарияев облыс әкімдігі мен шара ұйымдастырушыларына команда атынан алғыс айтып, ел кубогін облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға салтанатты түрде табыстады.
Мемлекеттік рәміздер күнімен тұспа-тұс келген кездесуде спорт демеушілері жылы лебіздерін білдіріп, қаржылай және бағалы сыйлықтар тарту етті.