Нұрдәулетов пен Жүсіпов кәсіби бокстағы алғашқы кездесуінде-ақ жеңіс тұғырынан көрінді, деп хабарлайды ATPress.kz
Атырауда «Suleimen Promotion» компаниясының ұйымдастыруымен, Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен кәсіпқой боксшылардың жекпе-жек кеші өтті.
Шара барлық санитарлық талаптарды сақтай отыра, көрерменсіз өткізілді. Алайда, жанкүйерлер үшін бокс кеші тікелей эфирде көрсетілді. Кеш түндігі қазақтың ұлттық аспаптарының сүйемелдеуімен ашылды.
Турнирде 5 кездесу өтіп, 10 бокшы бақ сынасты. Шаршы алаңда еліміздің кәсіпқой боксшылары шет елдің танымал спортшыларымен жұдырықтасты.
Бек Нұрмағанбет екінші жекпе-жегін Танзаниялық Абдаллах Паццимен өткізді. Жартылай ауыр салмақтағы жекпе-жек алты раундқа есептеліп, әділқазылардың бірауызды шешімімен жеңіс Нұрмағанбеттің еншісіне өтті.
Әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Абылайхан Жүсіпов кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесуінде танзаниялық қарсыласы Мешак Мвакенвадан басым түссе,
Евгений Павлов Танзания боксшысы Гудлак Мреманы екінші раундта нокаутпен жеңді. Қазақстандық боксшы үшін бұл кәсіпқой рингтегі екінші жекпе-жек болды.
Алты раундқа есептелген жекпе-жекті ерте аяқтаған келесі жерлесіміз Данила Семенов. Ол Малавияның тәжірибелі боксшысы Мусса Адбжибты төртінші раундта техникалық нокаутпен жеңсе, 22 жастағы Бекзат Нұрдәулетов кәсіби бокс рингтегі алғашқы жекпе-жегін Танзания өкілі Ибрагим Маоколамен бастады. Жеңіл салмақтағы айқас алты раундқа есептелгенмен, Нұрдәулетов екінші раундта Маоколаны нокаутпен жеңген болатын.
Осылайша, Қазақстандық былғары қолғап шеберлері еліміздің жүлде қорын молайтты.
Айта кетелік, Токио Олимпиадасына дайындалу мақсатында бапкерлер Жүсіпов пен Нұрдәулетовтің кәсіби бокста бақ сынауына мүмкіндік берген болатын.
ATPress.kz
Фото Suleimen Promotions