«Атырау» чемпиондар лигасында ойнайды

«Атырау» футзал командасы ел чемпионатының финалына шығып, әлемнің алпауыт командаларымен бірге чемпиондар лигасында ойнауға жолдама алды, деп хабарлайды коммуникациялар қызметі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы мәлімдеді.

- Облыс тұрғындарының футзал спортына қызығушылығы ерекше. 180 командада мыңдаған әуесқой ойыншылар ойнайды. Халық арасында кеңінен насихатталған осы спорт түрін дамыту, спортшылардың жоғары лигада ойнауына мүмкіндік жасау мақсатында құрылған «Атырау» шағын футбол командасы жанынан 60 баланы тәрбиелейтін Академия ашу жоспарлануда, - деді Ринат Ибрагимов. 

Айта кетейік, биыл Қазақстан Республикасының құрама командасының қатарына түрлі спорт түрлерінен Атырау облысының 301 спортшысы енген болатын. Оның ішінде ұлттық, паралимпиадалық, олимпиадалық және олимпиадалық спорт түрі бар.