ATPress.kz. 24 қараша. Бәйгеге қатысатын аттарға төлейтін жарна да, ауылдағы атқұмарлардың қалтасы көтеретіндей болуы керек. Ендігі бір мәселе – төрешілердің аламан бәйге мен басқа бәйгенің қашықтығын шатастыруында.
Қызылқоға ауданында ат спорты федерациясы құрылып, түрлі ұлттық спорт түрлерінен шаралар өткізіліп келеді. Дұрыс делік. Әйтсе де, осы ат спортын дамыту барысында ойласарлық мәселелер жетерлік. Мәселен, қазіргі таңда Қызылқоға ауданында аламан бәйге өткізіледі де, оған таза қанды жылқыны да, жергілікті аттарды да қатыстырады. Шындап келгенде, жергілікті аттар таза қанды жылқылардың маңына ілесе алмайды. Сөйтіп, ауылдағы атқа құмар азаматтардың сағы сынады.
Себебі, біріншіден таза қанды жылқылар қысқа қашықтыққа шабады. Әрі сатып алу құны да ауыл азаматтарының қолы жететін қаржы да емес. Біраз қаржы шығындап әкелгеннен кейін бабының өзі жергілікті жерге сай ма, сай емес пе, ол да бір мәселе. Сондықтан, ат спорты федерациясының мамандары жергілікті атты бөлек, таза қанды жылқыны бөлек шаптыруды қолға алған дұрыс.
Бұған қоса, бәйгеге қатысатын аттарға төлейтін жарна да, ауылдағы атқұмарлардың қалтасы көтеретіндей болуы керек. Ендігі бір мәселе – төрешілердің аламан бәйге мен басқа бәйгенің қашықтығын шатастыруында. Мысалы, 5 қазан күні Қызылқоға аудандық ат спорты федерациясының ұйымдастыруымен күзгі маусымдық ат бәйгесінің жабылу салтанаты өтті. Онда, «Аламан бәйге 21 шақырым жеті айналым» деп аудандық газетте хабарланды да, бәйге болар кезде аламан бәйгені 18 шақырым 6 айналымға қысқартып жіберді. Бұл кәнігі атбегілерге соққы болып тигені рас. Әр атбегі үшін бір шақырымның өзі үлкен демеу. Ендеше, төрешілердің осындай қитұрқы әрекетке баруы қалай? Негізі, аламан бәйгенің өзі 25 шақырымнан жоғары болуы тиіс. Мұндай шатастырулар аудандағы ат спортының дамуына кері әсерін тигізбей ме? Қысқасы, ұлттық спорт түрлерін жетік білмейінше, ұлттық руханиятымыздың дами түсуі екіталай.
Әрине, бізде ауыздығымен құс тістейтін жылқылар бар. Бірақ, олардың көбіне жоғарыдағыдай жағдайлармен бағын байлап жататынымыз өкінішті. Олай болса, ат спортының ауданда дами түсуін ойласақ әлгінде айтқан ой-пікірлерімізді ескерген жөн болар деп есептеймін.
Нұрберген Есқожа
Сурет silkadv.com сайтынан алынған