Тоқаев Ақпараттық доктринаны бекітті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының ақпараттық доктринасын бекіту туралы" Жарлыққа қол қойды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.

"Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Ақпараттық доктринасы бекітілсін. Қазақстан Республикасының Үкіметі үш ай мерзімде Қазақстан Республикасының Ақпараттық доктринасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлесін және бекітсін", - делінген Жарлықта.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АҚПАРАТТЫҚ ДОКТРИНАСЫ

1-бөлім. Кіріспе

Елдің бірыңғай ақпараттық кеңістігінің орнықты жұмыс істеуін дамыту мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың базалық басымдықтарының бірі болып табылады.

Осы бағыт шеңберінде ашық ақпараттық кеңістікті, сұранысқа ие және мықты медианы қалыптастыруға, Қазақстан Республикасының Конституциясында кепілдік берілген сөз бостандығын, әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алу және тарату құқығын қамтамасыз етуге байланысты міндеттер кешені шешіледі.

Сонымен қатар, ақпараттық саладағы жаңа шынайы жағдай мен туындап жатқан ақпараттық қауіпсіздік қатерлері мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу тәсілдерін қайта ойластыруды, ақпараттық салада мемлекеттік институттар мен басқа да қоғамдық қатынастар субъектілерінің арасындағы өзара қарым-қатынастардың жалпы парадигмасын өзгертуді талап етеді.

Бүгінгі күні әлем өз дамуының жаңа кезеңіне аяқ басты. Ақпараттық саланың барған сайын серпінді дамуымен күшейген жаһандану процесі жалғасуда. Технологиялардың дамуы, жаңа цифрлық және ақпараттық-коммуникациялық құралдардың жаппай енуі қазіргі заманғы медиакеңістікті түбегейлі түрде өзгертті.

Геосаяси турбуленттілік және халықаралық саяси аренадағы өзара сенімсіздіктің күшеюі ақпараттық өзара іс-мәселелеріне жаңаша қарауға мәжбүр етуде. Анық ақпаратты тарату, анық емес және манипуляциялық ақпаратқа қарсы іс-қимыл және жалпы алғанда, қоғамның бұқаралық ақпарат құралдарына (бұдан әрі – БАҚ) деген сенімін арттыру мәселелері барған сайын өзекті бола түсуде.

Саяси жаңғыру және қоғам өмірін одан әрі демократияландыру міндеттерін шешу ақпараттық саланы ырықтандыру, БАҚ саласындағы қарым-қатынасты шамадан тыс регламенттеуден бас тарту, сөз бостандығы мен пікір білдіру кепілдіктерін күшейту қажеттігіне байланысты.

Олардың негізінде Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан процестерге өзіндік көзқарасы бар, бәсекеге қабілетті және еркін БАҚ-тардың жұмыс істеуінің маңыздылығын ұғыну жатыр. Елдің шынайы ақпараттық қауіпсіздігі мен идеологиялық егемендігі осыған байланысты.

Жалпыұлттық құндылықтар мен саяси-әлеуметтік дүниетанымның тұтас жүйесін, әсіресе тарихи турбуленттілік жағдайында қалыптастыруға деген сұраныс артып келеді.

Осыған байланысты, жаһандық ақпараттық экожүйенің толыққанды қатысушысы ретінде Қазақстан Республикасының алдында елдің осы саладағы ұлттық мүдделерінің мәнін көрсететін нақты ақпараттық-коммуникациялық императивтер мен құндылық бағдарларын әзірлеу міндеті тұр.

Бұл стратегиялық міндетті іске асыру ұзақ мерзімді перспективада мемлекеттік ақпараттық саясаттың негізгі векторы мен базалық тәсілдерін айқындауға мүмкіндік беретін доктриналық, дүниетанымдық сипаттағы құжат әзірлеуді талап етеді.

Ақпараттық доктрина (бұдан әрі – доктрина) отандық ақпараттық саланы дамыту көзқарастарының, оның ашықтығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру қағидаттары мен тетіктерінің жүйесін білдіреді. Доктрина халықтың мүддесіне сай келетін, мемлекет пен қоғамның одан әрі дамуына ықпал ететін идеялық-құндылық бағдарларды да айқындайтын болады.

Ақпараттық-коммуникациялық саладағы мемлекеттік саясатты қалыптастырудың негізге алынатын құжаты бола отырып, доктрина қоғам мен мемлекет мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз етуге, медиалық процестің барлық субъектілерінің құқықтарын іске асыруы үшін тең жағдайлар жасауға арналған.

Доктринаны іске асырудың негізгі бағыты елдің және оның азаматтарының ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ақпараттық сын-қатерлер мен тәуекелдерге уақтылы ден қою болып табылады" делінген құжатта.