Атырауда Сенат депутаттығына үш үміткер тіркелді

ATPress.kz. 12 маусым. Атырауда Парламент Сенатының депутаттығына 3 үміткер тіркелді. Олар: Ғұмар Дюсембаев, Қаршыға Джаумбаев және Сейітжан Балжігітов.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Асау Ибрашев мәлімдеді. Сайлау заңы бойынша, кандидаттарды ұсыну жұмыстары 29 сәуірден басталып, 28 мамырда аяқталған. 

Тоқтала кеткен жөн, әрбір кандидат қалада және аудандарда бір-бір сенімді өкілге ие. Сондықтан, кандидаттардың әрқайсысында сегіз сенімді өкіл тіркелген. Ал екі кандидат өзін-өзі ұсынса, Дюсембаев Ғұмар Ислямұлын Индер аудандық мәслихаты мен облыстық мәслихаттың шешімі негізінде кандидатурасы ұсынылыпты. Бүгінде Сенат депутаттығына үміткерлер мен өкілдеріне тіркелу куәліктері тапсырылған. Сондай-ақ, 2 маусым күні облыстық газеттерде кандидаттардың сайлаушылармен кездесу кестесі жарияланған. 

Атырау облысынан сайлауға түсетін үш үміткердің өмір-дерегіне көз жүгіртсек.  

Дюсембаев Ғұмар Ислямұлы, 1956 жылы дүниеге келген. Білімі – жоғары. 1978 жылы Батыс Қазақстан Ауыл шаруашылығы институты мен Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын заңгер, инженер-механик мамандықтары бойынша бітірген. Атырау облыстық волейбол және бессайыс федерацияларының президенті. Отбасылы, 2 ұлы, 2 немересі бар.

Джаумбаев Қаршыға Елемесұлы,- 1960 жылы 30 қазанда дүниеге келген. Білімі – жоғары. 1987 жылы Гурьев Ауыл шаруашылығы техникумын және 2005 жылы Каспий қоғамдық университетін техник-механик, заңгер мамандықтары бойынша тәмамдаған. Атырау қаласының V, VI шақырылымдағы мәслихатының депутаты. «Қарабура» шаруа қожалығының басшысы және «LTD Мұнай Автоматика Сервис» ЖШС директорының кеңесшісі.

Балжігітов Сейітжан Қапанұлы, 1976 жылы 21 қазанда дүниеге келген. Білімі – жоғары. 2007 жылы Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетін зооинженер мамандығы бойынша бітірген. Жылыой ауданының VI шақырылымдағы мәслихатының депутаты. «Достан-Ата» шаруа қожалығының басшысы. Отбасылы, 5 баласы бар.

Үгіт-насихат жұмыстары 8 маусымнан басталып, 27 маусым күні, сағат 24.00-де аяқталады. Ал Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Сенат депутаттарының сайлауы 28 маусымға белгіленген.

Биылғы сайлаудың 2014 жылғы сайлаудан айырмашылығы көп. Яғни, сайлаушыларды тіркеу электрондық жүйеде өткізіледі. Әрбір сайлаушы өзінің құжаттары арқылы операторға барып, тіркеледі. Ал сайлаушылардың мониторингі онлайн режімде Орталық сайлау комиссиясының веб-сайтында көрсетілетін болады.

 

Айдос Қарабала

Фото Нұрбейбіт Нұғымановтікі