СЕРГЕЛДЕҢГЕ САЛҒАН САПАР

Ресейдегі әскери мобилизацияның әсері Қазақстандағы қызметк өрсету саласына да әсер етіп жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Қазіргі қырық құбылған уақытта халық пен биліктің «алтын көпірі» саналатын журналистер үшін өз құқықтарын білу өте маңызды. Осы мақсатта Алматыда халықаралық «Әділ сөз» ұйымы семинар-тренинг ұйымдастырған еді. Оған «Атырау» газетінің тілшісі ретінде біз де арнайы шақырылғанбыз. Бұл жолсапар аяқталысымен-ақ жолжазба жазуға түрткі болды...

 Біркүндік шара болған соң шығар, ұйымдастырушылар қонақтарды ұшақпен тасымалдауды жөн көріпті. Сөйтіп, еш кідіріссіз 27 қыркүйекке жоспарланған семинарға әп-сәтте жеттік. Әуежайдан күтіп алған такси жүргізушісіне дейін өте сыпайы, әрі бүгінгі геосаяси жағдайдан нақты хабары бар екенін айқын аңғардық.

«Алпауыт компаниялар орналасқан Атырауда жұмыссыздық деген атымен жоқ шығар. Қателеспесем, ел бойынша ең жоғарғы жалақы жарты миллион теңге сіздің өңірде тіркелді емес пе? Алматыда да жұмыс қайнап жатыр. Тұрақты жұмыс табылмағанның өзінде жастар ұялы телефон мен түрлі электроникалық тауарларды саудалап табыс тауып жүр. Мен секілді такси жүргізушілері де қала ішінде 4-5 мың теңгеден төменге тасымайды» деді ол.

Расымен де, атыраулықтар жарты миллион теңге табыс таба ма?! Естіген адамның езуін емеуріне жеткізетін сандар екен... Ойдағыдай өткен тренингтен көп нәрсені үйрендік. Бұл бүгінде дүние жүзін жайлаған ақпараттық соғыста қажет болар деген сеніммен үйге қарай бет алдық. Нағыз қызықтың көкесі Алматы әуежайына келгенде басталды... Алматы-Атырау бағытындағы рейс бір сағатқа кешікті. Соның салдарынан әуежайда екі сағат күтіп отыруға келді. Себебін сұрастырып едік, ғаламтор желісінде ақау болған екен. Өйтпегенде ше?! Қазір ғаламторға көп салмақ түсіп отыр. Өйткені, Ресейдегі әскери мобилизацияның әсерінен елімізге келіп жатқан көршілеріміз де ұшақ билетіне интернет арқылы тапсырыс беруде. Жолаушылардың белдігінен бастап ауыр жүктеріне дейін жіті тексеріліп жатыр. Әуежайдың іші у-шу, азан-қазан. Әр күнін осында өткізетін қызметкерлер бұған қалай шыдайды екен деп таңқалыстық. Ал, біздің бір сағат ішінде басымыз ауырып шыға келді. Тексеріс демекші, жолаушылардың көрсетіп жатқан төлқұжаттарына қарап дені ресейліктер екенін байқадық. Көбісі «сәлеметсіз бе?» деп қазақ тілінде амандасып жатыр. Сөйтіп жүргенде ұшаққа отырғызу да басталып кетті...

Үш сағатта туған топыраққа да табан тигіздік. Әуежайдан шыққанымыз сол еді, алдымыздан қарсы алған такси жүргізушілері бізді қаумалап алды. «Балықшы дейтін жер бар көрінеді, соған дейін қаншаға апарасың?» деп өзге өңірден келгендей сұрап көрдік. «Брат, бес мың теңгеге жеткізіп тастайын» дегені!.. «Бұл тым қымбат емес пе?» дедік таңданысымызды жасыра алмай. «Онда арзанын табыңыз» деген жауап алдық. Ақыры, Атыраудың тұрғыны екенімізді айттық Сонда әлгі таксист 3 мың теңгеге түсірді. Біз қош айтысып, онлайн «яндекс-такси» қызметіне жүгініп, небәрі 1000 теңге төлеп, үйімізге жеттік.