Жүргізушілерге жолаушы тасымалының тәртібін түсіндірді

ATPress.kz. 15 маусым. Құрманғазы аудандық ішкі істер бөлімінің Жергілікті полиция қызметі бастаған топ аудан орталығындағы «Серпер» базарындағы автотұрақта болып, жолаушы тасымалымен айналысып жүрген таксистерге түсінік жұмысын жүргізді.

Қолданыстағы заңға сәйкес, жолаушы тасымалымен айналысатындар кәсіпкер ретінде тіркеліп, патент алуы, сақтандыру қағазы және жолға шыққанда қолында дәрігерлік тексерістен өткендігі туралы анықтамасы болуы тиіс. 

Соңғы уақыттарда жол-көлік оқиғаларында адам өлімі орын алуы жиілеп кеткендіктен, жол-патрульдік полициясы тарапынан таксистерде денсаулығы туралы анықтаманың бар-жоғы тексерілген. Аталмыш құжат болмай шығып, айыппұлдар салынған. Бұл жүргізушілер тарапынан түсінбестік тудырғаны да рас. Осыған орай, жолаушы тасымалымен айналысатындарға заңдылықтар жазылған жадынамалар таратылды.

Жүргізушілер дәрігерлік анықтама беруді арнайы бөлімге жүктеуді ұсынды. Жұмысшы топтың айтуынша, дербес ассоцация құрып, оны диспетчермен, медицина қызметкерімен қамту жүргізушілердің міндеті. 

 

Қанат Ғұмаров