Жедел басқару орталығындағы бір күн

Күнделікті күйбең тіршілікте бір-біріне ұқсамайтын түрлі жағдайлар, оқыс оқиғалар орын алып жатады, деп хабарлайды AtyrauPress.

Тағдыр тәлкегіне түскен, зорлық-зомбылыққа ұшыраған, куә болған немесе жол-көлік оқиғасы кезінде полицияға түрлі хабарламалар келіп түседі. Сайып келгенде қиын-қыстау мезетте адам тағдырын шешу, қылмыстың «ізін суытпай» ашуға септігін тигізетін ІІО-ндағы маңызды әрі қажет қызмет – Жедел басқару орталығы қызметі. Атырау облысы ПД Жедел басқару орталығы 2007 жылы 23 маусым күні Қазақстан Полициясы күні қарсаңында ашылып, бүгінде Ішкі істер органдарындағы алдыңғы қатарлы құрылымдардың бірі. Орталықта барлығы 96  қызметкер бар. Олар үздіксіз циклде жұмыс істейді. Желі тәулік бойы тынымсыз қоңырау қабылдайтындықтан, қызметкерлер 24 сағаттан екі ауысыммен жұмыс істейді.   Орталықтың 102 арнасына тәулігіне 250-300 мың қоңырау келіп  түседі. Мұнда барлық түскен қоңырау міндетті түрде қабылданады. Хабарласушының кез-келген шағымы ескеріледі.

-Көбіне бізге түсетін қоңыраулардың  басым бөлігі жол-көлік оқиғасы мен тұрмыстық жанжал, зорлық-зомбылыққа қатысты. Кешкі мезгілдерде, көршілерінің шуына мазасызданған халық пен көшеде орын алатын оқыс оқиғалар туралы жиі шағым түседі.  Қоңырау түскен кезде хабарласушының мәліметтері электронды картаға толтырылып, санаты көрсетіледі. Мәселен, тұрмыстық зорлық-зомбылық 31-санатқа жатады. Хабарласушымен сөйлесу кезінде оған сұрақ қою арқылы толық ақпарат алуға тырысамыз. Сондай-ақ, хабарласушы адамнан жедел-жәрдем мен қосымша күштің қажеттігі туралы да ақпарат аламыз. Тіпті, төтенше жағдай мен медицина қызметкерлерінің оқиға орнына бағытталуы осы жерде басталады, - дейді Атырау қаласы полиция басқармасы 2 қалалық полиция бөлімшесінің кезекші бөлімінің кезекші инспекторы (бейнебақылау) полиция лейтенанты Әлия Рамазанқызы. 

Кезекші инспектор Әлия Рамазанқызы 2019 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің құқықтану факультетінің түлегі. Кейін ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтын тәмамдап, 2023 жылы Ішкі істер органдарындағы қызметке аяқ басқан. Алғаш қызметке келгелі Жедел басқару орталығында кәсіби шыңдалып, еңбек етіп келеді. Жас қызметкер - өзі таңдаған мамандықтың білікті маманы десек те болады. Ол құқық қорғау органында жүріп жыл басынан 400-ге жуық әкімшілік құқықбұзушылықты, бұдан бөлек, бірнеше рет ұрлық, тонау деректерін анықтаған.

-Келіп түскен хабарламаның санатына байланысты біз жасақ жолдаймыз. Қылмыс туралы ақпарат болса, оған жедел тергеу тобын, ал ақпаратты тексеру үшін автопатруль қызметіне бағыттама беріледі. Сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне учаскелік инспекторлар қызмет көрсетеді. Яғни, ақпаратқа сәйкес өңірлік құрылымдарды жедел әрекет етуге шақырамыз. Жалпы, оқиға орнына автопатруль 5-7 минутта жетуі керек. Жедел тергеу тобы жарты сағат ішінде жетеді, - дейді кезекші инспектор.

Кей кездері 102 арнасына жүгінген хабарласушының қарапайым мәліметтерді жеткізе алмай қалатын кездері болуы әбден мүмкін. Мәселен, телефон тұтқасына жылау, айғайлау немесе тіпті қатты қобалжыған күйде хабарласатыны анық. Осы қоңыраудан операторлар мәлімет алып, көмек жіберуі керек. Сондықтан қызметкерлердің кәсіби тұрғыда, психологиялық әрі эмоционалды тұрақты болуымен қатар салқынқандылық пен  жедел қызмет көрсете білуі аса маңызды. 102-ге қоңырау шалудан бөлек, бағдарлама арқылы видеоқоңырау мен SMS жолдауға да болады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында 102 мобильді қосымшасы 2021 жылы бұрын іске қосылды. Омниканалдық сервис аясындағы бұл қосымша арқылы видеоқоңырау немесе аудиоқоңырау шалған кезде қызметкерлер автоматты түрде оның нөмірі мен аты-жөні, мекенжайын біледі.

Айта кету керек, Атырау қаласы бойынша 4 000-ға жуық  бейнебақылау камерасы бар. Жыл басынан бері камера көмегімен 226 қылмыс және 12600-ден астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Бұл Атырау облысы  полиция департаменті жедел басқару орталығының 6 айдағы жұмыс көрсеткіші. Сондай-ақ, қазіргі уақытта үйлердің аулаларында, облыс аумағындағы білім беру және медициналық мекемелерде, жол қиылыстарында, желілік учаскелерде, саябақтарда, саяжай алқаптарында және басқа да қоғамдық орындарда орнатылған камералар.

Дана ТЛЕК