АTPress.kz. 14 маусым. 2017 жылдың бес айының қорытындысы бойынша Атырау облыстық экология департаменті табиғат пайдаланушылар шаруашылығына қоршаған ортаға келтірген залалы үшін жалпы көлемі 4 млрд 855 млн теңге айыппұл салды.
Қазіргі кезде оның 9 миллион теңгесі өндіріліп, қалған қаражатына сот процестері жүруде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облыстық экология департаментінің басшысы Қабижан Қапанов хабарлады. Қапановтың айтуынша, табиғат пайдаланушы шаруашылықтар үшін мұндай үлкен көлемдегі айыппұлдарды уақытында төлеу қиынға соғады. Сондықтан сот процесі арқылы айыппұлды өндіру 8 айға дейін созылатын кездер болады.
Соңғы бес айдың қорытындысымен департамент тарапынан облыстағы табиғат пайдаланушылар шаруашылығына 47 тексеру жүргізілген. Нәтижесінде, 128 экологиялық заң талаптарын бұзу фактілері анықталып, жалпы көлемі 2 млрд 461 млн теңгені құрайтын 122 әкімшілік айыппұл салынған.
- Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстағы табиғат пайдаланушылар шаруашылығына 382 тексеріс жүргізілген болатын. Онда 270 экологиялық талаптарды бұзу фактілері анықталып, жалпы көлемі 48 миллион теңгені құрайтын 248 әкімшілік айыппұл салынды. Бұдан бөлек, қоршаған ортаға келтірген залалын өтеу үшін 19 миллиард 520 миллион теңгені құрайтын 135 нұсқама берілді, - деп атап өтті департамент басшысы.
Айта кетейік, 2016 жылы қоршаған ортаға рұқсат құжатынсыз өз шаруасын жүргізген үш табиғат пайдаланушының шаруашылық қызметі сот шешімімен тоқтатылған.
Нұрбейбіт Нұғыманов
Сурет ATPress.kz архивінен және автордікі