Қаруды заңсыз сақтағаны үшін 33 мың теңге айыппұл салынды

ATPress.kz. 18 маусым. Қаруды заңсыз сақтаған атыраулық азаматқа 33 мың теңге айыппұл салынды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлайды.

Сот отырысында анықталғандай, айыпталушы тегіс ұңғылы 16 калибрлі «ИЖ-К» маркалы қаруын ішкі істер органдарының рұқсатынсыз үйінде сақтаған. Сөйтіп, азаматтық қаруды сақтау ережесін бұзған.

Ол кінәсін мойындап, қару әкесінен қалғанын, содан бері құқық қорғау органдарына тірмегенін айтты.

Сот қаулысымен атыраулық азамат кінәлі деп танылып, қаруы мемлекет кірісіне тәркілене отырып, әкімшілік жаза ретінде 33 670 теңге айыппұл тағайындалды.

 

Айқара Ғұмар