Енді Атырауда қылмыстық істің процесі онлайн режимде бақыланады

ATPress.kz. 8 қыркүйек. Енді Атырауда қылмыстық істің процесі онлайн арқылы бақыланады. «Е-қылмыстық іс» атты бағдарламаның пилоттық режимі биыл қыркүйек айының 10-ы күні іске қосылады деп жоспарланған.

Бұл туралы қала прокуроры Р. Құттықов және Атырау облысы бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқарманың бастығы Н. Ахметбаевтың төрағалығымен өткен жиын кезінде айтылды. Осы орайда, пилоттық жобаның іске қосылуына байланысты прокуратура және ішкі істер органдары қызметкерлері арасында ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған.

Айта кетейік, «Е-қылмыстық іс» атты бағдарлама қылмыстың тіркелуінен бастап, оның тергелуі және үкім орындалғанға дейінгі сатысын қамтиды. Ол іске қосылысымен қылмыстық істі бұрмалау, істерді тез арада тергеу, соттан санкцияны электронды түрде алу, іске қатысушы тұлғалар, яғни жәбірленуші, айыпталушы, адвокат істің қалай тергеліп жатқанын кез-келген уақытта онлайн режимде көруге мүмкіндік алады. 

Жоба Елбасының сандық технологияларды дамыту туралы Жолдауы аясында жүзеге асырылуда. 

 

Айдос Қарабала