Дінтанушы: «Оларды тыңдасаң - адасасың!»

ATPress.kz. 19 сəуір. Теолог: «Қазақстанда тілінен бал тамып, жүрегіңді жылытып, көзіңнен жас шығарып уағыз айтатын дəстүрлі емес, діни ағымды насихаттаушылар бар. Оларды тыңдасаң - адасасың».

Жылыой ауданының Жаңа Қаратон ауылында жоғары сынып оқушыларымен кездескен экстремизмнің алдын алуға бағытталған ақпараттық топ Қазақстандағы көптеген жастардың неден адасқандығын айтып, лаң салып жүрген дəстүрлі емес діннің уағыздаушыларын атады. 

Атырау облысы дін істері басқармасының теологы Айбек Аташевтың айтуынша, адасып жүріп, қайта тура жолын тапқандардың көбісі ғаламтор кеңістігінде кең тараған Дарын, Ділмұрат, Октам секілді уағызшылардың насихатын тыңдағанын айтқан. Әдетте уағыз айтушылардың көбі өздерінің есімдерін Абу Халид, Абу Мұхаммад, Абу Саид деп өзгертіп алатын көрінеді. Мұндай есімдерді Атырау облысынан да кездестіруге болады. 

Облыстық прокуратураның бөлім бастығы Аслан Нұрғалиевтың айтуынша, биылғы жыл басынан бері Атырау облысында экстремизм мен терроризмді насихаттағаны үшін үш азаматқа қылмыстық іс қозғалған.

Ақпараттық топ 17-19 сəуір аралығындағы Жылыой ауданындағы барлық жалпы жəне орта білім беретін мектептің оқушыларымен, колледж студенттерімен кездесті. Кездесу барысында көпшілік тарапынан ең көп қойылған сауал «уахаббис деген кім, қайдан шықты, оларды қалай ажыратуға болады?» болды.

Ақпараттық топ барлық сауалдарға жауап беріп, білмеген нəрсені намаз оқитындардан емес, мешіт имамдарынан сұрауға кеңес берді. 

 

Суретте (4-8 суреттерде): дəстүрлі жəне дəстүрсіз діннің уағыздаушылары, дұрыс жəне жат ағымды ұстанушылардың белгісі, теріс ағымдардың қалай пайда болғандығы жөнінде мəлімет көрсетілген. 

 

Нұрбейбіт Нұғыманов

Сурет автордікі