ATPress.kz. 4 тамыз. Атыраудың бас сот сарапшысы алаяқтығы үшін жауапқа тартылды. Ол екі жыл бойы мемлекеттік лауазымын пайдаланып, заңсыз әрекеттерге барған.
Бұл туралы Атырау қалалық прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады. Олардың айтуынша, сотталушы Д.Г. өңірдегі Сот сараптамалық институтының бас сот сарапшысы болып, еңбек ете жүріп, қомақты қаржыны қалтасына басқысы келген. Сөйтіп, 2016 жылдың желтоқсан айында «ЖайықЭлектроСнаб» мекемесінен 20 мың АҚШ долларын сұраған. Осы арқылы мекеменің салыққа қатысты сараптама қорытындысының құнын түсіріп беремін деп алдаған көрінеді.
Осы орайда, сот Қылмыстық кодекстің 190 бабы бойынша сотталушыны кінәлі деп таныды. Нәтижесінде 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, 5 жылға сараптамалық қызметпен айналысуға тыйым салды. Жаза өтеу орны ретінде – ауырлығы орташа қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесі бекітілді.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Айдос Қарабала
Фото PolitRussia сайтынан алынған