Атырауда болған өрттің салдарынан мал шығыны тіркеліп, екі көлік отқа оранды

ATPress.kz. 18 маусым. Атырауда 16-17 маусым күндері болған өрттің салдарынан мал шығыны тіркеліп, екі көлік отқа оранды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, бірінші өрт оқиғасы 16 маусым күні, сағат 14.30-да тіркелген. Яғни, Мақат поселкесі, Доссор станциясы, 4 ауыл, №218 үйдің ауласындағы «BMW» маркалы көлік өртенген. Салдарынан үйдің сыртындағы салқындатқыштың сыртқы бөлігіне зақым келген. «Семсер өрт сөндіруші» мекемесі өртті сағат 14.55-де толық өшірген. 

Екінші жағдай – 17 маусым күні, сағат 11.14 шамасында Атырау қаласы, Құрманғазы көшесінде болған. «Көктем» сауда үйіне қарама-қарсы тұрған «Volkswagen Passat» көлігі өртеніп кеткен. Өрттің кесірінен көліктің алдыңғы әйнегі, панелі және орындықтары бүлінген. Жалынды көлік иесінің өзі сөндірген. 

Үшіншісі өрт оқиғасы да 17 маусым күні тіркелген. Қызылқоға ауданы, Миялы ауылы, Х. Досмұхамедов көшесіндегі №8 үйдің 10 орам пішені өртенген. «Тілсіз жау» көршінің мал қорасын да қамтып, жалпы аумағы 32 шаршы метрді құраған. Салдарынан қорадағы 1 бұзау жалынға шарпылған. Оны өшіруге Қызылқоға ауданындағы №10 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамдағы бес адамы және екі арнаулы техникасы жұмылдырылған. Нәтижесінде, өрт сағат 16.37-де сөндірілген. 

Мамандардың айтуынша, аталған үш өрт оқиғасынан қаза тапқандар мен зардап шеккен адамдар жоқ. 

 

Айдос Қарабала

Фото sn.kz сайтынан алынған