Атырауда 685 адам қоғамдық тәртіпті бұзған

Атырауда қоғамдық тәртіпті бұзған 685 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. «V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына» байланысты өңірде қоғамдық орындар мен көшелерде тәртіп сақтауға бағытталған жедел- профилактикалық іс-шараның 2-ші кезеңі өткізілуде. Бұл туралы Атырау облысы Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Әсет Сағынтаев баспасөз мәслихатында айтты. 

- Құқықтық шараның 3-ші күні 72 қылмыстық іс тіркелді. Оның 62-сі дер кезінде ашылып, тиісті шаралары алынды. Сонымен қатар Атырау қаласы мен Құрманғазы ауданында қаруды заңсыз сақтаудың 2 фактісі анықталды. Сәйкесінше, арнайы сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Облыста есепте тұрған 546 адам тексеріліп, олардан 18-ге жуық әр түрлі құқық бұзушылық белгілері байқалды. Оның 7-і ерекше талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деді ол.

Іс-шараға ішкі істер органдарының 686 қызметкері, ұлттық ұланның 125 әскери қызметшісі жұмылдырылды.Сонымен қатар, учаскелік полиция инспекторлары мен ювеналды полиция қызметкерлері есепте тұрғандарды тексеріп, отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың алдын алуда.